Музей -Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдығы қарсаңында 1983 жылы Семей қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің қоғамдық бастамасымен ашылған болатын.
1985 жылы 30 наурыздан Мәдениет Министрлігінің шешімімен ресми түрде тарихи-өлкетану музейінің бөлімшесі болып жұмыс істейді. Қалалық Мәдениет үйінде орналасқан Ерлік Даңқы музейі неміс фашист басқыншыларына қарсы күрескен шығысқазақстандықтардың ерлігін паш етеді. Музей екі экспозияциядан тұрады. Онда Қарулы Күштер Армиясының тарихы мен даңқын сипаттайды. Мәскеу, Ленинград, Курск, Прага, Будапешттен Берлинге дейін болған қантөгіс шайқастарынан сыр шертеді.
Музейдегі экспонаттар Семей өңірі жауынгерлерінің ерлік істерін, ел мүддесі, ұрпақ қамы үшін істеген ізгілікті іс-әрекеттерін шынайы бейнелейді. Ондағы экспонаттар – фотошежірелер, жауынгерлердің туыстарына жазған хаттары, соғыс даласында жазған күнделіктері, солдат формалары, соғыс құралдары – өткен ХХ ғасырдағы қанқұйлы соғыстан қалған белгілер. Бір бөлімі толықтай – соғысқа қатысқан жерлестеріміздің кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ерлігі туралы мәліметтер береді. Біздің қаламызда екі дивизия жабдықталып соғысқа аттандырылған болатын. Олардың бірі 238 дивизия жауынгерлері ең алғаш жау қолынан Мәскеу, Рига қалаларын азат етуге қатысты, соңынан ерлік жолын Прибалтиканы алумен аяқтады. Кейіннен 30 -гвардияшылар атағын алды. 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында құрылған 8-дивизия Днепр бойындағы қалаларды азат етіп, Чехославакиямен аяқтады. Екі дивизия да ерлік істері үшін Қызыл Ту орденімен, 8-дивизия ІІ дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Соғыс кезінде жараланғандарды тез арада айықтырып, армия қатарына қосу мақсатымен арнаулы госпитальдар ашылды. Ең ірі эвагоспитальдар Семейде болды. Олардың саны алтау болды. Мұндағы ЭГ-3593 эвагоспиталь Қазақстандағы протездік бағытындағы жалғыз арнайы мекеме болды, өйткені қол-аяғынан айрылған (ампутация) Кеңес Армиясының командирлері мен жауынгерлері жеткізілетін.
Музейдің бір ерлік тақтасы Кеңес Одағының Семейлік батырларына арналған. Барлығы – 52 адам. Өкінішке орай олардың бәрі бұл өмірде жоқ. Музей келушілерге отансүйгіштік, патриоттық таным-тәрбие беруде маңызды роль атқарады.

This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website