Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейі – Қазақстанда Ф.М.Достоевскийге арналған жалғыз музей. Музей 1971 жылдың 7 мамыр айында ашылған болатын. Музей негізгі екі бөлімнен тұрады: жазушы тұрған мемориалдық үй және 1976 жылы салынған әдеби экспозиция. Сондай-ақ музейде ғылыми кітапхана, көрме залы мен кинолекциялық зал бар. Музейдің негізі 1857-1859 жылдары жазушы Ф.М.Достоевский жалдап тұрған үй.
1966 жылы осы үй Достоевский атындағы № 15 қалалық кітапхана болып бекітілді. Музейдің негізін салушы осы кітапханаың меңгерушісі З.Г.Фурцева болды. 1968 жылы Достоевский тұрған ағаш үйге жазушының немересі А.Ф.Достоевский келген болатын. Ал 1969 жылдан бастап кітапхана-музей тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істей бастады. Көп жылдық тарихы бар музейде 19 000-нан астам экспонаттар сақтаулы тұр. Сондай-ақ, музей қорының ерекше құнды экспонаттары ретінде Ф.М.Достоевскийдің қолтаңбасы, сирек кездесетін библиографиялық басылымдар және басқа да құнды әдебиеттерді атауға болады.


Музейдің әдеби экспозициясы жазушының қиын жолдарын: оның жастық арманы, каторгалық жолдары мен солдаттық өмірден бастап, танымал болғанға дейінгі өмір жолдарын анық бейнелейді. Мұнда жазушы өзінің көпшілікке таныс «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және тұрғындары», «Өлі үйдегі жандар» еңбектерін жазды. Экспозицияға жазушының көзі тірісінде шыққан кітаптары мен оның замандастарының шығармалары қойылған. Семейде өткен жылдар Ф.Достоевский мен Ш. Уәлихановтың рухани достығының шежіресінен де сыр шертеді. 2003 жылы музейде «Достоевский және әлем мәдениеті» атты үлкен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Петербор қаласынан жазушының немере-шөбересі Алексей Достоевский, Ресейдің әр түкпірінен келген достоевскийтанушылар келген болатын. Музей жазушының Ресейдегі жеті музейімен тығыз шығармашылық байланыста. Мұражайда түрлі кітап көрмелер, өнер қайраткерлерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады.
This site was made on Tilda — a website builder that helps to create a website without any code
Create a website